Эссе на казахском языке, посвященные 76-летию ВОВ

       Биыл Ұлы Жеңістің   76 жылдығын мерекелеу қарсаңында Алматы қаласы Халықаралық мектебінің 11- сынып оқушылары мен 8- сынып оқушылары қазақ тілі мұғалімі Байжуманова Алтын Мұхаметбайқызының жетекшілігімен эссе жазды.  Ұлы Жеңісті сыйлаған майдангерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандарды құрметпен еске алу - басты борышымыз! Бүгін  сіздердің назарларыңызға   біздің оқушыларымыздың жолдаған шығармаларын ұсынамыз. 

   

11-сынып оқушысы       Машен Алан

"Ұлы Отан соғысының зардабы" (Сайын Мұратбековтің  "Телі өскен ұлповесі негізінде жазылған) 

         Ұлы Отан соғысы- өткен ғасырдың ең қорқынышты оқиғасы. Ол миллиондаған адамның өмірін түбегейлі өзгертті. Бұл соғыста Отанын және болашақ  ұрпағын  қорғап қалу үшін 27 миллионнан астам адам қан төгісте  ерлікпен қаза тапты. Ең жаманы- соғыс 600 мың баланы жетім қалдырды.  

     Соғыс кезінде Қазақстанға КСРО-ның барлық аймақтарынан ата-анасынан айырылған  балаларды әкелген. Қазақ халқы ата-анасыз қалған балаларды өз бауырына тартып, екінші ата-анасы ретінде қамқорлыққа алды. Осы жағдай  Сайын Мұратбековтың  "Телі өскен ұл" повесінде көрініс тапты. Оның шығармасы соғыстың қорқынышты салдарын айқын көрсетеді.

        Шығарманың басты кейіпкері Евдокия өмір бойы бақытсыз болды, себебі бүкіл жастық шағын ұлын іздеп, соғысқа кеткен күйеуін күтумен өткізді. Ол ұлын тауып, бақытты өмір сүре бастағанда, ұзақ уақыт бойы мазалап жүрген ауру оның өмірін қиды. Осылайша, Евдокия бұл повесте жақындарын жоғалтқан және отбасылық бақытты біле алмаған барлық ата-аналардың символына айналды.  

         Сергей көптеген жетім балалар сияқты нағыз ата-ана махаббатын біле алмады. Туған анасы қайтып келгенде, Сергейге өте қиын болды, өйткені ол өзінің туған анасын білмей өсті.

         Повесте  отбасы мүшелерінің бір- бірінен айырылуы  сипатталған. Бұл -соғыстың зардабы. Сергей Ресейдегі науқас анасына да қамқорлық жасауы керек, Қазақстандағы отбасын да асырауы керек еді.

        Ұлы Отан соғысы КСРО-ның барлық халықтарын біріктірді, өйткені олардың барлығының  мақсаты бір болды. Олардың ортақ  мақсаты - өз Отанын қорғау. Бұл Қазақстанда этносаралық және дінаралық достық атмосферасының орнауына  мүмкіндік берді. Бұған дәлел-  повестегі  Қадиша ананың  Сергейді өзінің ұлы ретінде өсіріп-жеткізуі, өз балаларынан кем көрмей  тәрбиелеуі. 

        Қорыта айтқанда, соғыс көптеген балалардың өмірін бұзды. Сергейдің өмірі бұған айқын дәлел. Алайда бұл соғыс халықтар достығын, ұлт бірлігін қалыптастырды. 

          

 8-сынып оқушысы Мостовая Далила

                                                               Қыран қазақ

 

       Талғат Бигелдинов- Авиация генерал майоры, Кеңес одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. Ол 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысында дүниеге келген. Ол  ерлігі, батылдығы үшін «қыран қазақ» деген атқа ие болды.  

     Отан үшін шайқаста   үлкен ерік-жігер  мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік қажет.  Дәл осы қасиеттер Талғат Бигелдиновтың бойынан табылды.  Қазақ халқы  көк аспанда қалықтап ұшқан    қыран құсты мықтылығы, еркіндігі, қырағылығы үшін қадір тұтқан,  сондықтан Талғат Бигелдиновті қазақ халқы қыранмен  салыстырды. 

       Талғат Бигелдинов керемет ұшқыш болған. Майданда ұшқыш болу өте қауіпті еді. Талай ұшқыш жау оғынан қаза тапты,  көптеген ұшқыш хабар-ошарсыз кетті. Өз басын қауіп-қатерге тіккен Талғат Бигелдинов фашистерге аяусыз оқ жаудырды. Оның ұшағын фашистер «Қара ажал» деп атады. Соғыста  көзсіз ерлік көрсеткен батыр ағамыз  қан майданнан аман оралды.

        Соғыс өрті сейілген бейбіт жылдары Талғат Бигелдинов  азаматтық авиацияны басқарды. Мәскеудегі құрылыс институтын бітіріп, зәулім ғимараттарды тұрғызуға атсалысты. 1945 жылдың 27 маусымын- да Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.    Бұл жолы ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Опельн, Катовице,     Бреслау, Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапат-талды.  Ол ең ауыр ұрыстарды бастан кешірді. Мәскеу, Киев және Берлиндегі шайқасқа да қатысқан.

        Талғат Бигелдинов 2014 жылы  93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.  

        Мен осындай ержүрек  ағаларымызға  бейбіт өмір  сыйлағаны  үшін және біздің Отанымызды  ерлікпен қорғағаны үшін ризамын. Талғат Бигелдинов өзінің ержүрек қасиетімен танылды. Біз  үшін тамаша тұлға болды және оны халқы мәңгі  есте сақтайды. Ол  алғысқа  және құрметке ие. Осындай қарт қыранға қарап бой түзейтін ұлан-ұрпақтарымыз мол болсын дегім келеді! 

Контакты

Казахстан, г. Алматы, Сатпаева, 40Б

  • +7 (727) 274-48-08

  • +7 (727) 274-75-25

  • info@isoa.kz

Карта

International school of Almaty © 2000-2018. САЙТ СОЗДАН ДИЗАЙН-СТУДИЕЙ APPLE CITY CREATIVE

Search